«Жұмыс 24 сағат бойы тоқтамайды». Алматыда жаңа метро бекеттерінің құрылысы қалай жүріп жатыр?
Алматы тұрғындары бірнеше жылдан бері қалада жаңа метро бекеттері ашылатыны туралы ақпаратты естіп жүр. Алайда құрылыс қай жерде жүргізіліп жатқаны, жаңа метро бекеттері қай жерде ашылатыны көпшілікті қызықтырып отыр.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Massaget.kz тілшісі Алматы қаласының Метрополитенімен бірлесіп, жаңа бекеттердің құрылысы туралы эксклюзив материал дайындады.
2025 жылы Абай даңғылы бойынан тағы бір метро бекетінің құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Бұл бекет «Қалқаман» деп аталады. Дәл орналасқан жері — Абай даңғылы мен Әшімов көшесінің қиылысы.
2gis/Massaget.kz
Алматы Метрополитені өкілдерінің айтуынша, жаңа метро бекеттерінің бағыты туралы шешім Наурызбай ауданы қарқынды дамып келе жатқанына байланысты қабылданған. Осылайша, қала тұрғындарын, әсіресе, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Наурызбай ауданынан қала орталығына дейін қатынайтын адамдарды алдағы жылдары жақсы жаңалық күтіп тұр.
«Барлық» базарына дейін созылса, Қарасай ауданының халқы көліктерін тастап, метромен қалаға дейін келуіне дейін жағдай жасалады. Бұл жоспар Алматы қаласының бас жоспары бойынша бекітілген», — дейді Метрополитен өкілдері.
Бауыржан Момышұлы бекетінен кейін ашылатын «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы 2023 жылғы шілдеде басталған. Ол қазір жұмыс істеп тұрған Момышұлы бекетінен кейін тағы 2 шақырымға созылады.
Қазір «Қалқаман» бекетіне дейінгі аралықта қызу жұмыс жүргізіліп, жер қазылып жатыр.
«Құрылыс жұмыстары жүргізілуі — бір кезең, екінші кезең — оны қолданысқа беру кезеңі. Барлық техникалық жабдық іске қосылуы қажет. Оларды тексеру де уақыт алады. Бұл адамдардың қауіпсіздігі үшін де маңызды. Момышұлы мен Сарыарқа бекеттерінің техникалық ашылуы 2021 жылы 16 желтоқсан қарсаңында болғанымен, кейін 2022 жылы мамырда қолданысқа берілді. Сол аралықта құралдар жұмыс істеп тұрғаны, жолаушыларға қауіп жоғы тексерілді. Кейінгі бекеттерде де бәрі тексеріліп болған кезде ашылады», — дейді мамандар.
Бізге де метро қазылып жатқан тоннелге жұмысшылармен бірге түсіп, көрудің сәті түсті.
Қала тарихы үшін маңызды нысандардың бірін алғаш болып көргенімізге, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында бой көтеріп жатқан метро құрылысына көңіліміз толғанымен, жер астына түсу қорқынышты болғанын жасыруға келмес.
Ал жұмысшылар мұндай құрылыстың әрбір бөлшегіне дейін үйреніп кеткен.
Содан болар жер астына түскеннен кейін де ерекше көріністерге куә болдық.
Қазір «Қалқаман» бекетіне (Абай даңғылы мен Әшімов көшесі қиылысы — еск.) дейін осындай тоннельдерде тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс жүріп жатыр.
Қазір қалада Райымбек бекеті мен Бауыржан Момышұлы бекеттері арасында 11 метро бекеті бар. Алдағы жылдары бұл бекеттердің құрамы тағы төртеуімен толықпақ.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Источник: tengrinews.kz