«Ұлт-азаттық көтеріліс, ашаршылық, Арқанкерген оқиғасы». Ұлу жылы әр жылдары қандай оқиғаларымен есте қалған?
Ұлу жылы — мүшел есебінің бесінші жылы, қоян жылынан соң, жылан жылынан бұрын келеді. Өткен ғасырдағы Ұлу жылы 1904, 1916, 1928, 1940, 1952, 1964, 1976, 1988 жылдарға түскен. Ал жаңа ғасырда — 2000 және 2012 жылдары, енді Ұлу 2024 жылға тұспа-тұс келіп тұр. Massaget.kz тілшісі әр жылдары Ұлу жылы қандай оқиғалармен есте қалғанынана шолу жасап көрді.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
«Ұлт-азаттық көтеріліс»
1904 жылғы Ұлу жылы қазақ халқы үшін аса қолайлы болған жоқ. Өйткені бұл жыл шілденің басындағы ұлт-азаттық көтеріліспен қазақтың жадында мәңгіге қалады.
«Репрессия және ашаршылық»
1928 жылы мемлекеттік жоспарлау енгізіліп, экономика саласында өзгерістер болды. Бұл жылы Қазақстандағы тұңғыш мемлекеттік жоғары оқу орны қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті (АлМУ) ашылды.
Дегенмен Қазақстандағы тұңғыш репрессия 1928 жылдан басталды. Елде репрессиялық шара жүргізіліп, ең алдымен Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев , Ә.Ермеков сияқты ескі зиялылар қуғын-сүргінге ұшырады.
Қазақ халқының тарихындағы ең зұлмат, жантүршіктірер нәубет, ашаршылық тура осы 1928 жылы басталды.
«Жаңа әліпби»
Ал 1940 жылы Қазақстанда 2580 ірі кәсіпорын жұмыс істеп, индустрияның жалпы өнімі былтырғымен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Барлығы 57 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеп, 1700-ге жуық қызметкер еңбек етті.
1940 жылы орыс графикасы негізінде жаңа қазақ әліпбиі енгізілді
1988 жылы Алаш арыстары ақталды.
«2000 жыл: полицейлер операциясы, Түркістанның 1500 жылдығы, Ұлттық қор»
2000 жылы Ұлттық қор құрылды, әскери жаңа жүйе қабылданды, «Мәдениетті қолдау жылы» басталды. Қазақстан әлемдік дағдарысты еңсеріп, экономиканы тұрақтандырып қана қоймай, даму кезеңіне өтті.
«Мәдениетті қолдау жылы» бағдарламасы аясында елімізде 468 кітапхана, 238 клуб, 5 театр, 5 мұражай ашылды. Мәдениет нысандарын реконструкциялауға және жөндеуге 3,5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды.
2000 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 14,5 пайыз болып, экономикалық рекорд қазақстандықтардың өмір сүру деңгейіне бірден әсер етті.
Сиднейдегі жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан 3 алтын және 4 күміс медаль жеңіп алды, бұл елге 199 қатысушы ел арасында 22-ші орынды иеленуге мұрша берді.
29 шілдеде Семей ядролық полигонының соңғы ұңғымасы жарылды.
Жыл басында Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Ұлттық қоры құрылды.
Парламент Қазақстанның Тұңғыш Президенті туралы Заң қабылдады.
10 қазанда Астанада Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) жаңа ұйым құрылды.
Бұл жылы Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменовтың бастауымен жол полицейлеріне қарсы арнайы операция жүргізілді. 2000 жылы жазда бас полиция қызметкері жүк көлігінің жүргізушісі болып киініп, қарбыз тиелген 17 тонналық жүк көлікпен Шымкент-Астана тасжолына шығады. Ішкі істер министрлігі пара сомасы 32 200 теңге (сол кезде шамамен 250 доллар), ал пара алған полиция қызметкерлерінің саны 36 екенін анықтады.
Түркістанның 1500 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Түркістан мерейтойына 2,15-2,5 миллиард теңгеге дейін жұмсаған. Мемлекет бюджеттен 738 миллион теңге бөліп, қалған қаражатты ұлттық компания мен меценаттар шығарған.
Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов
«2012 жыл: Арқанкерген оқиғасы, Медеу шатқалындағы өрт, Іле-Алатау ұлттық паркіндегі жаппай кісі өлімі»
Парламент мәжілісіне сайлау. Қазақстанда 2012 жылы 15 қаңтарда парламент мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы және 16 қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттар сайлауы өтті. Сайлауға қатысқан 7 саяси партияның 3-і ғана 7 пайыз межеден өтіп, жаңа құрамға енді. Олар «Нұр Отан» басқарушы партиясы (80,99 пайыз), «Ақ жол» (7,47 пайыз) және Коммунистік халық партиясы (7,19 пайыз).
Қарағандыда 6 сәуірде «Бесоба» шағын ауданында 2009 жылы үлескерлердің ақшасына салынған тұрғын үй құлап, апаттық ғимараттан 138 тұрғын эвакуацияланды. Салдарынан бүкіл шағын аудан сүріліп, тұрғындар Бесобадан 2015 жылға дейін көшірілді. Кейінірек желтоқсанда құлаған тұрғын үйдің іргетасы жоқ екені белгілі болды.
Арқанкерген оқиғасы. 28 мамырда Алматы облысындағы Қазақстан-Қытай шекарасында «Арқанкерген» шекара бекетінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапты. 4 маусымда 15-ші шекарашы Владислав Челах күдікті ретінде ұсталды, кейінірек оған ҚР Қылмыстық кодекстің 8 бабы бойынша айып тағылды. Нұрсұлтан Назарбаев 5 маусымды «Ұлттық аза тұту күні» деп жариялады. 2012 жылы 11 желтоқсанда сот Владислав Челахты қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айырды.
XXX жазғы олимпиада ойындары. Жарыстың бірінші күні 28 шілдеде велошабандоз Александр Винокуров Қазақстанға алғашқы алтын медаль алды. Лондонда өткен олимпиадада ұлттық құрама барлығы 13 медаль жеңіп алды, оның 7 ең жоғары номинацияға ие болды. Қазақстан медальдық есепте 12 орынға жайғасты. Бұл тәуелсіз Қазақстанның Олимпиада ойындарына қатысуы тарихындағы ең үздік нәтиже.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Источник: tengrinews.kz