«Жұмысқа атпен барамыз»: ШҚО-дағы ауылдар қар астында қалды
Марқакөл ауданына қарасты Қарой, Қайнарлы, Ақжайлау, Төсқайың, Ұрынқай, Бұғымүйіз ауылдарын қалың қар басып, тұрғындар үйлерінен шыға алмай қалды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, Төсқайың, Бұғымүйіз және Шанағаты ауылдарына көлік қатынай алмайды. Бірнеше күннен бері «ОблШығысЖол» ЖШС қызметкерлері техникаларын сол жаққа жұмылдырған. Мұғалімдердің кейбірі жұмысқа салт атпен барады. «Омбылап жету мүмкін емес» дейді. Айтуларынша, далада жүрген тебіндегі жылқыларға да қиын.
Видеоға зер салсақ, қардың қалыңдығы жылқының бауырынан асады. Табиғат тосын мінез танытқанына 10 күндей болған.
«Ауылда әлі жол жабық. Мектепке жету үшін ат ерттейміз. Қазір оның да шамасы жетпейді, шаңғымен баратын болдық. Таңертең 07:00-де шығып, 15:00-де қайтамыз. Қылқұйрық қарды бұза алмаса, мектепке бару мұң», — дейді химия-биология пәнінен беретін Мадина Оралқызы.
Марқакөл аумағында жолды қардан тазалау кезінде облыстық Төтенше жағдай департаментінің жол талғамайтын көліктері де қар тазалау жұмыстарын еңсере алмай жатыр. Дегенмен жұмыс тоқтаусыз жалғасып жатыр.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Источник: tengrinews.kz