«Алматы Астана» күре жолы сақалды құрылысқа айналды
«Алматы-Астана» күре жолының құрылысы мерзімінде бітпеді. Орталық пен Оңтүстікті байланыстыратын дәліз 3 учаскеге бөлінген. Олар Алматы, Қарағанды мен Жамбыл облыстарын басып өтеді. 2021 жылы Президент жолды екі жыл ішінде жөндеуді тапсырған еді. Алайда, 946 шақырым жолдың тек 200-ден астамы қолданысқа берілді. Ұзаққа созылған құрылыс қашан аяқталады? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Қонаев қаласының тұрғыны Айбек Омаров 15 жылдан бері көлік жүргізеді. Жеке көлігімен еліміздің біраз өңірін шарлады. Жылына бірнеше рет Астанаға барады. «Қарағанды-Алматы» тасжолын жақсы біледі. Бұрын 13 сағатта Астанаға жететін. Қазір уақыт еке есеге ұзарған.
«Алматы — Астана бағытындағы жол өте нашар. Күре жолда күрделі жөндеу жұмысы басталғалы бірнеше жыл өтті. Бірақ, нәтиже шамалы. Шұңқыр көп. Сол жерде екі рет дөңгелегімді жарып алдым. Ол шығынды маған кім өтейді. Біз не үшін салық төлейміз сонда. Кейбір жерлерге асфальт төселгенімен жол сапасы 100 пайыз талапқа сай емес», — дейді ол.
Жалпы осы бағыттағы «Қарағанды-Балқаш» аралығында жол-көлік апаты да жиі болады. 350 шақырымдық жолды жөндеу жұмысы 2019 жылы басталды. Сол кезде төрт жолақты автобан жобасы 250 миллиард теңгеге бағаланды. Бірақ, содан бері мердігер ауысып, жоба қымбаттап кетті. Құрылыс 2022 жылы аяқталуы тиіс еді.
«Балхаш — Бурылбайтал» аралығының ұзындығы 288 шақырым. 72 шақырымды жасау жөнінде мердігер компаниямен келісімшартты бұздық. Олар міндетін дұрыс атқармады. Сол себепті жаңадан мердігер сайладық. Қазір жобаны қаржыландыру Дүниежүзілік банкпен іске асырылып жатыр. Сондықтан 72 шақырымда жұмыста кедергі болды. Бірақ бұл жолды 2024 жылдың аяғына дейін толығымен аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», — дейді Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Аманкелді Беков
Ал, «Бұрылбайтал-Күрті» күре жолы Қонаев қаласына жалғасады. Жол бойындағы Ақши ауылынан Қонаев қаласына дейінгі 60 шақырым аралықты кеңейту көзделген. Әзірге оның 20 шақырымы аяқталды.
Источник: tengrinews.kz