«Сыртқа шығып, жылап алдым». Баласының диагнозы туралы тым кеш білген ананың жанайқайы

Қазіргі кезде кеш сөйлейтін, кемістігі бар бала саны көбейген. Кез келген ата-ана перзентінің айығып, сау жүруі үшін қолындағы барын аямайды. Ал кейбір мамандар мен коррекциялық орталықтар ата-ананың шарасыздығын пайдаланып, баланы қабылдау бағасын тым қымбаттатып жіберген көрінеді. Осындай аналардың бірі Мадина Мамиева. Мадина сәбиінің ерекшелігін туғанынан байқағанымен, білікті мамандардың жетіспеушілігінен диагноз туралы тым кеш білген. Салдарынан баласы біршама жасқа толған кезде ғана коррекцияға барған. Мадина Мамиева Massaget.kz тілшісіне басынан өткен ауыр тәжірибесін бөлісті.

Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.

Өскемен қаласының тұрғыны Мадина Мамиева 28 жаста. Күйеуімен 2019 жылы отауласып, 2020 жылы бірінші баласы дүниеге келген. Мадина ең алдымен жүктілігі мен босанған кезін еске алды, өйткені баланың дұрыс дамымауы тікелей сол кезеңмен байланысты сыңайлы.

«Негізі жүктілігім қалыпты өтті, жағдайым жақсы болды. Уақытылы босандым, дегенмен босанған кезде судың түсі жасыл болды. Сондай-ақ, жылдам, өте аз уақыт аралығында босандым. Перзентханаға 17.30-да барып, 3 сағаттан кейін 20.30-да босандым. Негізі бірінші рет босанатын әйел қалыпты жағдайда 12-24 сағат аралығында босануы керек екен. Дәрігерлер мұның дұрыс емес екенін ескерткенімен, себебін түсіндіріп, салдарының алдын алуға тырысқан жоқ», — дейді ол.

Мадина баласының туғаннан бастап мазасыз болғанын айтады, уайымдап мамандарға тексертуге апарғанымен, олар «бәрі жақсы» деп сендірген.

«Балам туылғаннан бастап мазасыз еді, көп жылайтын, қимылдауға тырысатын. Невроматологқа тексерілуіге барғанымда ол маған мұның қалыпты жағдай екенін, уақыт өткен соң басылатынын айтып сендірді. Уақыт өте берді, балам барлығы секілді 3 айда аударылатын, 6 айында жорғалап, 1 жасында жүріп бастады. Бірақ, сөйлемеді. Тіпті қарапайым ана, әке деп те айтпайтын. Тағы да невропатологқа бардық, бәрі қалыпты деген сөзді қайта естіп қайттық. Алайда мен баламның бойынан ерекшелікті байқап жүрдім, бұл туралы күйеуім мен жақындарыма айттым, олар маған сенбей, оның әлі кішкентай екенін, өзі сөйлеп кететінін айтты», — дейді ана.

Фото: жеке архив

Мадина баласының бойынан қандай ерекшеліктерді байқап жүргенін бөлісті. Оның айтуынша, дұрыс дамып жатқан бала мен перзентінің айырмашылығы жер мен көктей.

«Дұрыс дамып жатқан балалар бөлек, менің балам мүлде бөлек болды. Сау балалар әлеуметке тез бейімделеді. Мысалы, көңіл көтеретін жерге барсаңыз, бала тез үйреніп, жанындағылармен тіл табысады, ата-анасын түсінеді және тыңдайды. Ал менің балам басқаша болды. Оған қарапайым «аяқ киіміңді ки» деп айтатын болсам, ол мұны түсінбей, бетіме қарап тұра беретін. Отыр, тұр, киін, тамақ же, су іш деген сөздердің мағынасы ол үшін түсініксіз», — деп бөлісті Мадина.

Мадина күйеуі мен жақындарының қарсылығына қарамай, баласын Желіден «Сөйлеу дамуының диагностикасынан өтіңіз» деген жарнамасы арқылы тапқан логопед кеңесіне апарған. Зейінді толық қарап шыққан логопед аутизм белгілері бар екенін жеткізген, мұны естіген Мадина сыртқа шығып біраз жылағанын айтады.

«Басында әрине ауыр болды, сыртқа шығып 5 минуттай жылап алдым. Кейіннен баламен жұмыс істесек бәрі жақсы болады деп өзімді басып, қабылдадым. Мұндай жаңалықты күйеуіме жылап тұрып жеткіздім. Сонда ғана күйеуім дәрігерге апаруға көнді. Мен бірден Астанаға бару керегін айттым, өйткені осы уақытта дейін жергілікті невропатологтар маған бәрі жақсы деп келді, ал ақыр соңы осылай аяқталып тұр, сондықтан оларға сенуге қорықтым», — деді ол.

Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.

Источник: tengrinews.kz

Top.Mail.Ru