«Азаматтық» VS ресми неке. Айырмашылығын түсіндіреміз
Қазіргі кезде ресми некеде тіркелмеген, бірақ бірге тұратын жұпты көру таңғаларлық жайт емес. Тіпті бірге тұрудың мұндай түріне халық өзі «Азаматтық неке» деген атау берген. Алайда Қазақстан Республикасының заңнамасында мұндай тіркес те, ұғым да жоқ. Сондықтан бірнеше жыл бойы бірге тұрып, екі жаққа кетеміз деп шешетін болсаңыздар, жылдар бойы сатып алынған мүлікті бөлу кезінде қиындық тууы мүмкін. Осы тұста Massaget.kz тілшісі қазақстандық адвокат Альбина Бахтиярқызымен бірлесіп «азаматтық» және ресми тіркелген некенің ара-жігін ажыратып көрді.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Ресми тіркелген неке
Елімізде мемлекеттік азаматтық хал актілерін тіркеу мекемелерінде тіркелген неке ғана заңды саналады.
Яғни, ҚР Неке (ерлi-зайыптылық) және отбасы туралы заңның 13-бабына сәйкес, неке (ерлі-зайыптылық) некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың тікелей қатысуымен тіркеуші органдарда не арнайы мемлекеттік неке сарайларында қиылады. Неке ресми тіркелген сәттен бастап ерлі-зайыпты бір-бірінің алдында міндеттері мен құқығы пайда болады. Бұл осы кодекстің 29-бабында көрсетілген.
Сондай-ақ, заңды ерлі-зайыпты болып саналатын адамдардың бірлескен ортақ меншігі бар. Ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезде жинаған мүлік олардың бірлескен ортақ меншігі болып табылады. Осы кодекстің 32-бабында көрсетілгендей, егер ерлі-зайыптының бірі белгілі бір себептермен жұмыс істемей, үйде отырған болса да бірлескен ортақ мүлікке құқы бар. Ол үй шаруашылығын жүргізген, балаларды бағып-күтуді жүзеге асырған немесе басқа да дәлелді себептермен жеке кірісі болмаған жұбай.
Ерлі-зайыпты некені бұзу туралы шешім қабылдаған жағдайда мүлік теңдей екіге бөлінеді. Сонымен қатар, ерлі-зайыптының бірі мүлікті сату, сыйлыққа беру немесе басқа да шешім қабылдайтын болса, оның жүзеге асуы үшін екінші зайыбының нотариат куәландырған келісімін алуы қажет.
Ресми некесі заңды тұрғыда тіркелген ерлі-зайыптының әрқайсысы қызмет, кәсіп түрін, тұрғылықты жерді таңдауда ерікті.
Ана, әке болу, балаларды тәрбиелеу, оларға білім беру мәселелері мен отбасы өмірінің басқа да мәселелерін ерлі-зайыптылар бірлесіп шешеді.
Ерлі-зайыптылар отбасындағы өз қатынастарын өзара сыйластық және өзара көмек негізінде құруға, отбасының игілігі мен нығаюына жәрдемдесуге, өз балаларының денсаулығына, өсіп-жетілуіне және олардың әл-ауқаты жағдайына қамқорлық жасауға міндетті.
Ал некеде ресми тіркелген ерлі-зайыптының баласы дүниеге келсе, оның туу тегін белгілеу бір-бірімен некеде тұратын адамдардың неке туралы жазбасымен куәландырылады.
«Азаматтық неке»
Ал «азаматтық некенің» жайы бөлек.
«Азаматтық неке» дегеніміз екі ересектің өзара қарым-қатынасын АХАТ-та тіркемей, бірге тұруы. Мұндай некенің заң алдында ешқандай күші жоқ, өйткені ол ресми тіркелмеген. Осыған байланысты, бірге тұратын екі адамның да бір-бірінің алдында құқығы мен міндеттері болмайды. «Азаматтық некедегі» адамдардың қатынасын құжат жүзінде дәлелдей алмайсыз, оған қоса оны сот та мойындамайды, сондықтан заң алдында мұндай адамдар бір-біріне бөтен.
Бірнеше жыл бойы азаматтық некеде тұрған адамдардың бірге тапқан мүлкі ортақ болмайды. Үй, көлік және екеуінің қаражатына сатып алынған кез келген басқа да мүлік заң бойынша ресімделген адамға ғана тиесілі болады. Егер бірге тұратын адам қайтыс болса, оның серіктесі де мұрагерлікке құқылы емес, өйткені мұрагер ретінде бірінші кезекте, заңды ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар саналады.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Источник: tengrinews.kz