«Бұл маңызды оқиға елеусіз қалмауға тиіс» — сенатор Дархан Қыдырәлі

Сенатор Дархан Қыдырәлі премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, репрессия құрбандары туралы ұсыныс жасады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Таяуда Атырауда өткен ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алаш көсемдері мен кеңес қайраткерлерін бір-біріне қарсы қоймау қажеттігін» айтып, «Ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Түптеп келгенде, мұның бәрі — біздің тарихымыз», — деген еді.

Әлбетте, тарих — өткенмен кектесу үшін емес, болашақпен беттесу үшін де қажет. Сондықтан құндылықтар құнсызданған құбылмалы заманда қалам ұстаған қауымның құбыласы қашанда шындық болуы тиіс. Зиялы қауым — әділеттің таразысы іспетті. Тарихқа хайппен емес, байыппен қарау керек.

Мәселен, биыл қазақ жерінің тұтастай бір республикаға бірігіп, еліміздің қазіргі шегарасының айқындалғанына жүз жыл — бір ғасыр толып отыр. Мемлекетіміздің тұтастығы үшін бұл маңызды оқиға елеусіз қалмауы тиіс. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков сынды алаш қайраткерлері бастаған тарихи процесті сол кезде билікте болған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Сейітқали Меңдешев, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Жалау Мыңбаев сияқты тұлғалар аяқтап шықты. Енді ұлт мүддесі жолында басын бәйгеге байлаған осындай тұлғаларды бір-біріне қарсы қоймай, тарих контексіндегі елдік мұратты алға шығарып, жан-жақты зерттей білу қажет. Мәселен, қазақ атын қайтарған Сәкен Сейфуллин мен ашаршылыққа қарсы күрескен, алаш қайраткерлерін қамқорлыққа алған Тұрар Рысқұловты құр коммунист аты немесе өзін қорғау үшін жазған хаты үшін жазғыру — әбестік.

Ел бірлігі үшін зиялылардың бірлігі шарт! Абайша айтқандай, ақылға бірлік керек. Сондықтан тұлғалар туралы сөз қозғағанда әдептен озбайық. Ірілермізді алаламайық, барымызды бағалайық! Өркениет — көркем ниеттен басталады.

Осы орайда 2000 жылы Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Камал Смайылов сияқты ел ағаларының бастамасымен Халық шаруашылығы институты Ұлттық экономикалық университетке айналып, оған Рысқұловтың есімі берілген еді. Кейін оқу орны жекеменшікке өтіп, кеңестік «Нархоз» атауын таңдап, Т.Рысқұловтың атын алып тастады. Үкімет қаулысына сәйкес берілген атауды ЖОО қандай басқару түріне жататынына қарамай, ауыстыруға құқы жоқ. Таяуда бір топ зиялы қауым өкілдері Тұрардың атын университетке қайтару керек деп хат жазған екен. Сондықтан Алаш арысы Тынышбаевтың есімі Логистика және көлік академиясына қайта берілгені сияқты, бұл мәселе де оң шешімін табады деп сенеміз.

Биыл Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл. Тұғырлы тұлғалардың мерейтойларын даңғазасыз, тағылымды етіп атап өту керек. Бұл ретте ономастика мәселесіне де назар аудару қажет. Шегарамызды айқындауға айрықша үлес қосқан Әлімхан Ермеков сияқты тұлғалар елеусіз қалмауға тиіс.

Тағы бір мәселе, алаш арыстарының көбі қайда жерленгені белгісіз. Тіпті ұлт ұстазы Ахаңның қайда жатқанын білмейміз. Жақында Алматының іргесіндегі Жаңалық ауылында саяси репрессияға ұшыраған 163 адамның сүйегіне зерттеу жүргізіліп, генетикалық талдау арқылы 50 адамның дерегі анықталды. Қаражат бөлінсе, осындай әдіс арқылы Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгіров сияқты тұлғалар туралы деректер нақтыланар еді. Алматы іргесіндегі Боралдайдағы Қандысайда атылған Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Жанайдар Сәдуақасов сияқты 19 халкомға да осындай зерттеу қажет деп ойлаймыз. Қараусыз жатқан осы Қандысайға немесе Жаңалық ауылына Ата-Бейіт сияқты іргелі кешен тұрғызу — перзенттік парызымыз.

Еліміздегі көптеген этнос өкілдерінің репрессияға ұшырағанын ескерсек, мұндай тағылымды іс ел бірлігін бекемдей түседі әрі 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының нақты нәтижесі болар еді.

Құрметті Олжас Абайұлы!

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, Сізден, жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

Наши новости теперь в WhatsApp! Подписывайтесь на наш канал в самом популярном мессенджере

Источник: tengrinews.kz

Top.Mail.Ru