Күн жылынса — су тасқыны, күн ысыса — құрғақшылық қаупі: Қазақстан мәселені неге шеше алмай отыр?
Көктем бастала салысымен Қазақстан өңірлерінде су тасқыны болды. Іле-шала Қазгидромет құрғақшылық қаупі төніп тұрған өңірлер бар екенін де жариялады.
Massaget.kz тілшісі Су ресурстары және ирригация министрлігіне ресми сауал жолдап, мәселе қаншалық өзекті екенін сұрады.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Қай өңірлерге құрғақшылық қаупі төніп тұр?
2024 жылғы ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл екенін, құрғақшылық қаупі аса жоғары екенін айтты.
Президент «бұл аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек», — деп ашық сынады.
Маусымда Қазгидромет құрғақшылық болуы мүмкін аймақтар саны көбейгенін мәлімдеді:
- Қостанай облысының Амангелді және Жангелді аудандарында;
- Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында, Байғанин, Ойыл, Хромтау және Шалқар аудандарында;
- Қарағанды облысының Шет ауданында;
- Ұлытау облысының Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында;
- Алматы облысының Балқаш және Жамбыл аудандарында;
- Жамбыл облысының Мойынқұм, Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарында;
- Түркістан облысының Арыс, Созақ, Қазығұрт, Түркістан, Отырар және Бәйдібек аудандарында;
- Қызылорда облысының Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі аудандарында;
- Маңғыстау облысының Бейнеу, Маңғыстау және Қарақия аудандарында;
- Атырау облысының басым бөлігінде.
Бұған дейін де Жамбыл облысы Байзақ, Талас, Сарысу, Жуалы, Жамбыл және Рысқұлов аудандарында, Түркістан облысы Түркістан, Сайрам, Шардара және Жетісай аудандарында, Қызылорда облысы Арал ауданында, Алматы облысы Балқаш және Жамбыл аудандарында, оған қоса Ұлытау облысында да құрғақшылық қаупі бары айтылды.
©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов
Расында қауіп бар ма?
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сүйенсек, құрғақшылық болуы мүмкін делінген аймақтарда су мәселесі тұрақты, бұл өңірлерде су шаруалардың сұранысы бойынша беріліп жатыр.
«Суару кезеңі басталғалы еліміздегі 20 мыңнан аса шаруа суармалы сумен тұрақты қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда «Қазсушар» филиалдары дихандарға шамамен 2,8 миллиард текше метр су берді. Биыл «Қазсушар» 790 мың гектардан аса егіс алқабын суаруға 7,6 миллиард текше метр су жіберуді жоспарлап отыр. Оның 7,3 миллиарды республиканың оңтүстік өңіріне жұмсалады. Қазақстанның 6 өңірінде — Алматы, Түркістан, Қызылорда, БҚО, ШҚО және Жетісу облыстарында кәсіпорын филиалдары 600 шақырымнан аса каналды механикалық әдіспен тазалады. Сонымен қатар, жөндеу жоспарланған 437 гидробекеттің 102-і жөнделді. Жыл соңына дейін 1,5 мыңнан аса гидробекет аттестациядан өтуге тиіс, бүгінде 775 гидробекет тексерістен өтті», — деп жазылған ресми сауалға жауапта.
Құрғақшылыққа не әсер етіп отыр, мемлекет шара қолданды ма?
Ведомство мәліметінше, құрғақшылыққа климаттық факторлар, жоғары ауа температурасы, жауын-шашын мөлшерінің азаюы әсер етеді.
depositphotos.com
Министрліктің ресми жауабына сүйенсек, «мемлекет қол қусырып отырған жоқ». Бірқатар елмен келісімдерге де қол қойылған.
«Сырдария өзенінің бассейнін сумен қамтамасыз ету бойынша 12 сәуірде Шымкент қаласында 86-мәжіліс өтті. Отырыс қорытындысы бойынша 2024 жылдың вегетациялық кезеңіне су жинауға арналған болжамды кесте бекітілді. Кестеге сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезең қорытындысы бойынша 3 692 миллион текше метр көлемінде су жіберіледі деп күтіледі, «Достық» арнасы бойынша лимит 922 миллион текше метр көлемінде белгіленді. Шардара су қоймасына және «Достық» каналы арқылы су беру үшін 2024 жылғы 6 маусымда Өзбекстан мен Қазақстан «БахриТочик» су қоймасының жұмыс режимі бойынша үшжақты хаттамаға қол қойды. Хаттамаға сәйкес «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне су беру көлемі маусым-тамыз айларында 491,14 миллион текше метр болады.
Шу және Талас өзендерінің бассейндерін сумен қамтамасыз ету бойынша 26 сәуірде Бішкек қаласында бірлескен комиссияның 33-отырысы өтті. Нәтижесінде Қазақстан үшін 2024 жылғы вегетациялық кезеңге арналған мемлекетаралық нысандар бойынша су беру кестесі мынадай көлемде бекітілді: Талас өзені бойынша 380 миллион текше метр көлемінде, бұл былтырғы көрсеткіштен 44 миллион текше метрге артық; Шу өзені бойынша 180 миллион текше метр, бұл былтырғы көрсеткіштен 26 миллион текше метрге артық», — деп жазылған ресми сауалға жауапта.
Құрғақшылық қысса, кейбір тамақтардың бағасы өсе ме?
Қаржы, биржа, макроэкономика шолушысы Айбар Олжаев бұл мәселеге қатысты болжамын айтты.
«Биыл құрғақшылық қаупі бар. Негізі егін бітік шығады деген болжам да бар. Бірақ бұл барлық өңірге қатысты емес. Биыл болған су тасқыны ылғал балансын кішкене бұзып жіберді. Бұл міндетті түрде ауыл шаруашылығы өнімдеріне әсер етеді. Әсіресе, маусымдық өнімдерге және олардың жетіспеушілігіне, баға қымбаттауына әсері болуы мүмкін. Белгілі бір азық түлік өнімдері қымбаттауына алып келуі мүмкін. Сондықтан құрғақшылық болуы мүмкін жерлерде оның салдарымен қазірден бастап күресу керек, әлі кеш емес кезде кешенді жұмыстар атқарыла бастауы керек. Біз қаншалық су қорын жинап алдық?! Құрғақшылық болатын өңірлерде су қоймалары салынды ма?! Салынса, суды бөліп тарататын жүйесі қаншалықты жұмыс істеп тұр?! Осы мәселелерге басты назар аудару керек. Өйткені ертең кеш болады. Құрғақшылық болып, егілген өнім шықпай қалса, ол қымбатшылыққа, өнімнің жетіспеушілігіне алып келеді. Ол жалпы елдің инфляциясына белгілі бір әсерін тигізуі мүмкін», — деді сарапшы.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Источник: tengrinews.kz