Өткен ғасырда салынған станциялар әлі қолданыста: Қазақстан орман өртінен сабақ алды ма?

Жаз басталғанда өңірлерде орман өрті қаупі күшейеді. Абай облысындағы былтырғы трагедиядан кейін биыл да қауіп бар ма? Massaget.kz тілшісі министрлікке ресми сауал жолдады.

Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.

2023 жылғы 8 маусымда «Семей орманы» табиғи резерватының аумағында орман өрті басталды. Құтқарушылар елді мекендерге қауіп жоқ деп сендірді. Бірақ келесі күні Абай облысындағы орман өртінің ауданы 3-тен 100 гектарға дейін өсті. Орманшылықтың 14 қызметкері байланысқа шығуды тоқтатты. Артынша олар көз жұмғаны белгілі болды.

Қазақстан өрттерден кейін нақты әрекетке көшті ме?

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Massaget.kz-ке берген ресми жауабына сүйенсек, ҰҚК, Ұлттық ұлан, ІІМ, Экология министрлігі, т.б. органдар алгоритм әзірлеген. Алгоритм бойынша 7 қызмет режимі қарастырылады: күнделікті қызмет режимі — өрт қаупінің 1-3 класы; өрт қаупі жоғары кездегі қызмет режимі (4-5 сыныптар); өрт анықталған кездегі қызмет режимі; өрт ауқымы үлкейген кездегі қызмет режимі; елді мекендерге қауіп төнген кездегі қызмет режимі; ТЖ режимін жариялау кезіндегі қызмет режимі; өрттің іргелес мемлекеттің аумағына өту қаупі төнген кездегі қызмет режимі.

Ведомство мәліметінше, өрттерден кейін бірқатар өңірге құралдар сатып алынған:

  • 2023 жылы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (182,1 мың га) және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының (278 мың га) аумағында орман өрттерін ерте анықтау жүйелері (бұдан әрі – ӨЕАЖ) орнатылды.
  • Алматы қаласында табиғи өрттердің алдын алу және оларды ерте анықтау мақсатында «Медеу» «ГРПП» КММ аумағында 3 оптикалық-сенсорлық және жылу бейнелеу қондырғылары сатып алынды (250 миллион теңге бөлінді).
  • Қостанай облысында жергілікті атқарушы органдардың 11 орман шаруашылығы мекемесінің оны видео бақылаумен қамтылған, онда 34 видео камера жұмыс істейді.

Алайда былтыр жағдай ушыққан Семей орманы келер жылдың еншісіне қалыпты. Тиісті министрлік 2025 жылы «Семей орманы» резерватының аумағындағы өрттерді ерте анықтау жүйесін орнату үшін бюджетке өтінім дайындаған.

Уәкілетті органдар өрт қаупі күшейетін маусым басталғанға дейін жыл сайын тексеріс жүргізіледі деп мәлімдеді.

«Тексеріс кезінде дайындық дәрежесі айқындалады, оның ішінде орман өрті станцияларының, өрт бақылау мұнараларының дайындығы бағаланады. Аумақтық бөлімшелер тексеру нәтижелерін тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті органға жібереді. Биылғы тексеріс нәтижелері бойынша орман өртін сөндіру станцияларының, өрт бақылау мұнараларының жай-күйіне қатысты анықталған ескертулерді жою жөнінде тапсырмалар берілді», — деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, орман өртін сөндіру станцияларының жағдайына талдау жүргізілген. Елде норма бойынша барлығы 729 орман өртін сөндіру станциясы болуы керек, алайда бары 254 қана. Сонымен қатар, олардың көпшілігі өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары салынған.

«Қазір Ақмола және Қарағанды облыстарының орман шаруашылықтарында 7 модульдік орман өртін сөндіру станциясы салынып жатыр, Ақтөбе және Жетісу облыстарында 4 орман өртін сөндіру станциясы салынып жатыр, Батыс Қазақстан облысында 1 орман өрт сөндіру станциясына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр», — деп жазылған хабарламада.

Орман өртімен күреске бюджет қанша қаржы бөледі?

Экология және табиғи ресурстар министрлігі тілсіз жаумен күреске қанша қаржы бөлінгенін және алда да қанша қаражат бөлінуі керек екенін жариялады.

  • Биыл Шығыс Қазақстан облысы орман шаруашылығына жалпы сомасы 234,4 миллион теңгеге 36 дана ұшқышсыз ұшу аппаратын, жалпы сомасы 202,5 миллион теңге болатын 5 трактор, «Асу-Бұлақ орман шаруашылығы» КММ және «Самар орман шаруашылығы» КММ мемлекеттік орман қорының аумақтарында орман өрттерін ерте анықтау жүйесі қондырғысын (алдын ала сомасы 288,6 миллион теңге) сатып алу жоспарланып отыр.
  • Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті бюджеттен арнайы техника сатып алуға қосымша 252 миллион теңге бөлінді (2 өрт сөндіру машинасы, 8 доңғалақты трактор), облыстың 7 орман шаруашылығында өртті ерте анықтау қызметтерін сатып алуға 45 миллион теңге және 12 пилотсыз ұшу аппаратын (квадрокоптер) сатып алуға 30 миллион теңге бөлінді.
  • Жамбыл облысында материалдық-техникалық базаны толықтыру мақсатында жергілікті бюджеттен 280 миллион теңге қаражат қарастырылған (3 МТЗ трактор, 9 патрульдеу автокөлігі және 3 кешенді өрт сөндіру автокөлігі алынады).
  • Павлодар облысында мұнараларға және басқа да биік құрылымдарға орнатылатын камераларды жалға беру компанияларының қызметтерін пайдалану туралы шешім қабылданды: «Картел» ЖШС (Beeline) коммерциялық ұсынысына сәйкес 3 жылға 217 728 мың теңге (жыл сайын 72,5 миллион теңгеден).
    Сонымен қатар, радиусы 20 шақырымға дейін жететін 18 камера орнатылады.
  • Түркістан облысы 46 пилотсыз ұшу аппаратын (квадрокоптер) сатып алуға 11,5 миллион теңге бөлінді.
  • Қарағанды облысы өртке қарсы іс-шараларға жергілікті бюджеттен 338 620 мың теңге бөлінді (оның ішінде Ақтоғай КММ 116 600 мың теңге, Қарағанды КММ 130 420 мың теңге және Кувское КММ 91 600 мың теңге).
  • Қостанай облысында 1,5 миллиард теңге сомасына 20 өрт сөндіру машинасын сатып алу жоспарланған.
    Биыл өңірде орман өрттерін ерте анықтау жүйесіне 137,1 миллион теңге бөлінді, жүйе 34 нысанда жұмыс істейді. Сонымен қатар, Сарыкөл ауданының «Урицкое» КММ үшін өртті ерте анықтау жүйесінің 3 камерасы сатып алынады.
  • Абай облысы әкімдігі орман алқабын әуеден патрульдеу мақсатында «Ақ Ертіс» қоғамдық қоры есебінен «Семей орманы» резерваты үшін 4 пилотсыз ұшу аппаратын сатып алған.
  • Ақмола облысында бюджеттен 11 өрт сөндіру автокөлігін, 7 мамандандырылған техниканы және 115 радиостанцияны сатып алуға 800 миллион теңгеден аса қаражат бөлген.
  • Маңғыстау облысында 8 автокөлік, 1 вагон үй сатып алу жоспарланған.
  • Атырау, Ақтөбе, Түркістан облысы және Шымкент қаласы әкімдіктері жергілікті бюджеттен өрт сөндіру техникасын сатып алуға қаражат бөлуді жоспарламаған.

Жалпы республикалық бюджеттен 5,4 миллиард теңге бөлінген. Бұдан бөлек табиғат қорғау және орман мекемелері үшін өртке қарсы техника сатып алуға 35 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.

Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.

Источник: tengrinews.kz

Top.Mail.Ru