“Жануардың маскасын киіп, төрт аяқтап жүреді“. Қазақстанға да жеткен квадробика несімен қауіпті?

Соңғы кездері балалар мен жасөспірімдер арасында квадробинг танымал. Балалар жануарлардың киімдері мен маскасын киіп, құйрық жалғап алады және жануарлардың әрекетін қайталайды. Яғни жануарлар сияқты төрт аяқтап жүреді, секіреді, олардың дауысын салады. Кейде тіпті шектен шығып, жануарлардың тамағын жейді. Бұл тек шетелде емес, сондай-ақ Қазақстанда да бар. Квадробика несімен қауіпті? Massaget.kz тілшісі педагог-психолог Айдана Сансызбайқызы Белгібаймен сөйлесті.

Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.

Квадробика деген не?

Квадробика (латынша quattuor — төрт және ағылшынша aerobics — аэробика) — адамдар жануарлардың қозғалысын қайталап, төрт аяқтап жүретін спорттың ресми емес түрі. Адамдар квадробика кезінде жануарлардың маскасы мен құйрығын пайдаланады. Осылайша, олар мысық, түлкі, қасқыр сияқты киінеді. Бір жағынан бұл қиын акробатика, ал бір жағынан — бұл біртүрлі әуестік кейде шектен шығып, ақылға қонымсыз әрекетке айналады.

Квадробиктер Қазақстан қалаларынан да байқалды.

Квадробикаға қандай балалар бейім келеді?

Маман квадробика аса қауіпті емес екенін, бірақ бала агрессия көрсететін болса, қоғамдық орындарда басқа адамдарға зиян тигізсе, туыстарының арасында өзіне немесе отбасына зиян келтіретін әрекеттер жасаса, онда ата-ана міндетті түрде психологқа жүгіну керегін ескертті.

Маман бұл баланың эмоциясын шығаруының бір әдісі болуы мүмкін екенін айтты.

«Балабақшалар мен мектептердегі мерекелерде қойылымдар болады. Қойылымдарда балаға эмоцияны түсіндіру мақсатында оларға жануарлардың киімдерін кигізеді. Мысалы, ертеңгіліктерде аюдың дауысын салу арқылы, түлкінің қу екенін, қоянның қорқақ екенін, яғни жануарларды келтіру арқылы адамдарда да сондай эмоциялар бар екенін түсіндіреміз. Ал енді балалардың осылай киініп жатқаны ол да бір эмоцияны шығарудың түрі болуы мүмкін. Бірақ бұл жағдайда бала «мен қасқырмын, мен тістеуім керек, тырнауым керек» дейтін агрессивті эмоциялар туындап тұр. Бұл алаңдататын жағдай», — дейді Айдана Сансызбайқызы.

Маман квадробикаға қандай балалар бейім келетінін айтты.

«Бала импульсивті, агрессивті болса, отбасында немесе сыныбында тұйықталып қалған, эмоциясын сыртқа шығармайтын болса, еліктеу арқылы осындай әрекеттер жасауы мүмкін. Сондай-ақ өзіне назар аудартқысы келетін және мінезі ауыр балалар да осындайға бейім келеді.

Бастауыш сынып балалары мұндай әуестікке бейсаналы түрде баруы мүмкін. Себебі бала әлі көп ештеңені түсінбейді, телефоннан көреді және соны қайталап жасайды. Немесе баланың дамуында қандай да бір тежелісі бар болса, ол трендті қайталап жасауы мүмкін. Ол оның зиян екенін түсінбейді, тек қайталайды.

Ал біздің мақсат — оның зиян екенін, бұл адамдарға емес, жануарларға тән қасиет екенін түсіндіру. Агрессияны шығарудың басқа жолдары бар. Егер ата-ана түсіндіру жұмыстарын жүргізе алмаса, психолог көмегіне жүгінуіне болады», — дейді педагог-психолог.

Ата-ана не істей алады?

Маман бұл балалардың уақытша еліктеушілігі болуы мүмкін екенін айтты.

«Тренд жылдан жылға өзгеріп тұрады. Мысалы, карантин кезінде «дед инсайд» субмәдениеті (бала аниме немесе Dota 2 ойынының кейіпкерлеріне еліктейді) пайда болды. Балалар маска киіп, бетін жауып, тек көзін қалдырып, шашын өсірген жастар көбейді. Олар анимедегі кейіпкерлерге еліктеп жүрді. Ол қазір басылып келеді. Бірақ сол кездері балалардың бұл әрекеті, түрлері ата-аналарды қорқытты және алаңдатты. Ол балаларға аса зиянын тигізген жоқ. Сол секілді квадробикаға да өткінші еліктеушілік ретінде де қарауға болатын секілді. Бірақ балаңыз сол әрекетті күнде қайталай берсе, басқаларға зиян келтірсе, сабағына кесірін тигізсе, бұл сізді ойландыруы керек», — дейді ол.

Психологтың айтуынша, бала бұған спорттың бір түрі деп қараса, ата-ана баламен бірге отырып сөйлескені жөн: оның қалауын біліп, спортпен жаттықтырушымен үйрену керегін айтып, баланы оған ұнайтын спорт түріне апару керек.

«Мұндай нәрселерге көп жағдайда ата-анасы жұмыста, бос уақыты көп балалар барады. Ал күн тәртібі дұрыс қалыптасқан, үйірмелерге қатысатын балада ондайға уақыты да болмайды. Оған қоса, балалар телефонда көп отырады, сондықтан оларда энергия көп. Сол энергиясын қайда жіберетінін білмей, осындай нәрселерге жұмсайды.

Мысалы, мектепте психологтар ағартушылық алдын алу жұмыстарын жүргізеді, бірақ жауапкершіліктің негізгі бөлігі ата-ананың мойнына түседі. Ата-ана бала неше жаста болса да, ол бос уақытының басым бөлігін немен айналысады, күн тәртібін реттеп, смартфонда отыратын уақытын белілеп, не қарайды, кіммен сөйлеседі бақылауы тиіс. Баланың әсіресе жасөспірімдердің әрекеттері көбіне ортасына байланысты өзгереді. 12-13 жасқа келген балаға ата-ана емес, достары авторитет болып кетеді», — дейді Айдана Сансызбайқызы.

Маман ата-ана баламен көп сөйлесу керегін және үнемі даму үстінде болуы керегін айтты.

«Ата-ана кез келген нәрсенің алдын алу керек. Олар бала тәрбиесіне бей-жай қарамауы керек. Кейде ата-аналар жұмыста жүріп, балаларының осындай әрекет жасап жүргенін білмейді. Ол үшін ата-ана баланы кіші жасынан бастап, телефонда не қарайтынын, кімдермен араласатынын бақылауы керек. Қазірден бастап, баланың күн тәртібіне, тәрбиесіне аса мән беріп, интернеттегі қауіпсіздікке үйрету керек.

Баланы жасына қарай сауатын ашып отыру маңызды. Сондай-ақ ата-ана да үнемі даму жолында болуға тырысуы керек. Себебі кей ата-аналар трендтердің тарап жатқанын білмей қалады. Ата-ана мектептегі жиналыстардан қалмауы керек, жан-жақсы ізденуі және баламен көп сөйлесуі керек», — дейді педагог-психолог.

Ресейде квадробингпен күресу үшін шаралар қабылдау сұралды

Ресей ардагерлері ұйымы Ресейдің Бас прокуроры Игорь Красновқа балалар мен жасөспірімдер арасында квадробинг деп аталатын әуестіктің таралуын тоқтату туралы өтініш жіберді.

Үндеуде квадробинг жастар арасында тез танымал болып, девиантты қылықтың таралуына ықпал ететін ықтимал қауіпті ағым делінген.

Бас прокурорға квадробингке байланысты тауарларды ірі маркетплейстерде және бөлшек сауда желілерінде сатудың заңдылығын тексеру, балаларды квадробингке тартуды қолдайтын және ынталандыратын ата-аналарға қатысты жауапкершілік шараларын енгізу мүмкіндігін зерттеу, сондай-ақ жаңа құбылыстың зиянды салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.

«Мұндай шаралар отбасылық құндылықтарды сақтауға және нығайтуға және қоғамымызды осындай қауіпті ағымдардан қорғауға оң әсер ететініне сенімдіміз», — делінген Бүкілресейлік қозғалыстың үндеуінде.

Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.

Источник: tengrinews.kz

Top.Mail.Ru