Доллар бағамы тағы да көтеріле ме? Экономист болжамы
Кейінгі кезде теңгеге шаққанда доллар бағамы құбылып тұр. Massaget.kz тілшісі танымал экономист Сапарбай Жобаевпен сұхбаттасып, қазақстандықтарды алдағы уақытта қандай өзгерістер күтіп тұрғанын сұрады.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Доллар бағамының өсуіне не әсер етеді?
Халық доллар бағамы өссе, қымбатшылық қыса ма, шетелдерден келетін тауар бағалары еселеп өсе ме, қарапайым азаматтардың сатып алу қабілеті төмендей ме деп қорқады. 10 қазанда доллар бағамы 491,74 теңгеге дейін жетті.
Сарапшылар доллар бағамына мынадай негізгі себептер әсер ететінін айтады:
- Ең бірінші фактор — мұнай бағасы. Қазақстан мұнай экспорттайтын елдер қатарына кіретіндіктен, бұл теңге бағамына да әсер етеді, яғни мұнай бағасы төмендесе, теңге де әлсіреп кетеді.
- Екінші фактор — әлемдегі экономикалық жағдай. Әлем нарығындағы түрлі өзгерістердің теңгеге де белгілі бір деңгейде әсері болуы әбден мүмкін.
- Үшінші фактор — ішкі жағдай. Қазақстандағы инфляция, мемлекеттің сыртқы қарыздары, инвестициялар көлемі доллар-теңге бағамына әсер етуі мүмкін.
- Геосаяси жағдай: қақтығыстар, санкциялар, түрлі дағдарыстар.
Экономист сарапшы Сапарбай Жобаевтың айтуынша, бұл себептерге қосымша Ресей рублінің жай-күйін, Қытаймен байланысты, сауда-саттық көлемін, қызметтерді, дивидендтер төлеуді, одан кейін ақша өткізу көлемін қосуға болады.
Сарапшының сөзіне сүйенсек, елдің ішіндегі түрлі жағдай да бүгінгі доллар-теңге бағамына әсерін тигізіп отыр.
«Ұлттық банк пен Үкімет әр жылы қаулы шығарады. Сөйтіп, 460 теңге көлемінде ұстап тұруы керек еді. Бірақ көктемдегі су тасқынынан зардап шеккендерге бюджеттен жәрдем беру үшін Ұлттық қордан көп долларды биржада саттық. 10 миллиард долларға жақын құдды бір экспорт жасағандай болдық. Сөйтіп 1 доллар 440 теңгеге дейін қуаттанып кетті. Енді сол өзінің орнына қайтты. Бірақ қатты сұраныс болғаны үшін 490 теңгеге барып, қазір 487 теңге жағдайында тұр», — деді экономист.
Сапарбай Жобаев Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Ресей рублінің жағдайы да теңгеге әсер ететінін жеткізді.
«Ресейдің рублі қай жаққа қарап қозғалса, соған сәйкес қозғалмасақ, экономикамызда келеңсіз оқиғалар болады. Мұндай тәжірибе бар. 2015 жылы 6-7 ай теңгемізді ұстап тұрамыз дегенімізде теңгеміз қуаттанып, рубль түсіп кеткен еді. Азаматтар Ресейдің заттарын сатып алды. Өйткені Ресейде арзан болып тұрды. Сөйтіп 26 миллиард доллар ақша кетті. Ал бүгінгі күні сол балансты ұстап тұру керек. Қазір 1 рубль 5,1 болып тұр. Әрі кеткенде 5,5-6 деңгейінде ұстап тұруымыз қажет. Яғни дамушы мемлекет болғандықтан, теңгеміздің азғантай да болса құнсыздануына жол беріп тұруымыз керек», — дейді сарапшы.
Экономист басты факторлардың бірі мұнай бағасы екеніне баса тоқталды.
«Доллар қай жаққа қарай қозғалғаны, санкциялардың әсері, мұнайдың бағасы әрқашан да теңгеге әсер етеді. Қазір мұнайдың баррелі 71 долларға түсіп кетті, кезінде 90 еді, осылайша, біздің валюталық түсімдерді төмендетіп жіберді. Бұл айырбастау бағамына да, бюджетке де әсер етеді», — деді маман.
Сарапшының сөзінше, қазір алтын бағасы да көтерілген.
«Мұнайға қатысты шиеленіс болып жатқан кезде оның бағасы көтерілудің орнына төмендеп, мемлекеттер мұнайдың орнына ақшасын алтынға салып жатыр. Алтын бағасы 2600-ге дейін шығып кетті. Бұл ешқашан болмаған жағдай. Сондықтан теңгеміздің айырбастау бағамы бұған да байланысты», — деді ол.
Айта кетейік, жуырда Ұлттық банк басшысы доллардың нығаюына АҚШ федералды резервтік жүйесінің ақша-несие саясатының нәтижесі де әсер еткенін мәлімдеді.
«Қазанның басынан бері алты негізгі валютаға доллар индексі 2,1 пайызға өскенін көріп отырмыз. Яғни бұл еуроға, иенге, франкке және т.б. қатысты. Барлық жерде орташа есеппен 2,1 пайызға өсті де, доллардың өзі күшейе түсті. Ресей рубліне қатысты 4 пайыздан аса деңгейге өсті. Осылайша, доллардың жаһандық нығаюы теңгенің ішкі бағамына да әсер етеді», — деді Тимур Сүлейменов.
Қорқуға негіз бар ма?
Сарапшы Сапарбай Жобаевтың айтуынша, қазір айтарлықтай девальвация жоқ, 3-4,5 пайыздық құбылу — қалыпты жағдай.
«Ішкі экономикамызға, шағын және орта бизнеске, жеке адамдарға теріс әсер етеді. Бірақ инфляция деңгейінен аспайды. Теңгенің 3-4 пайызға сату қабілетінің төмендеуі біраз уақытқа дейін анау айтқандай сезілмейді. Ал бізде инфляция — 10 пайыз. Бірақ қондырғылар, сырттан әкелетін техникалар бағасы теңгеге шаққанда өссе, біздегі инфляцияға әсер етеді.
Дамушы мемлекет болғандықтан, 4-7 пайыздық инфляция — қалыпты жағдай. Қорқуға, дүрлігуге айтарлықтай негіз жоқ», — деді сарапшы.
Азық-түлік, басқа да тауарлар бағасы көтеріле ме?
Сарапшы доллар бағамының өзгеруі барлық нәрсеге әсер ететінін айтады. Жуырда ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров та доллар бағамы ауытқуына байланысты «Қазақстанда өнімдер мен тауарлар қымбаттай ма?» деген сұраққа жауап берген еді.
«Біз бұл жағдайға әсер ете аламыз, сондай-ақ доллардың қысқамерзімді құбылуын пайдалануға жол бермейміз. Мұндай қысқамерзімде тауарды тез арада әкеліп, оны басқа бағамен сату қиын деп ойлаймын. Динамикадан процесс біздің тарапымыздан реттеліп отырғанын байқаймыз. Оның үстіне курс құлдырап жатыр», — деді Байбазаров үкіметтегі брифингте.
Сондай-ақ министр бағаға қатысты реттеу шаралары барын, бұл бірінші кезекте азық-түлік бағасына қатысты екенін мәлімдеді.
Доллар бағамы 600 теңгеге жетуі мүмкін бе?
Сапарбай Жобаевтың пікірінше, кейбір сарапшылар айтып жүргендей, доллар бағамы 600 теңгеге жетеді деуге негіз жоқ.
«Кейбір сарапшылар 4-5 жылдан бері 500-550 теңге болады деп айтып келе жатыр. Соңғы 3-4 жылда 470 теңгенің айналасында өзгерместен тұр. 2019 жылы бір доллар 470 теңге еді. Сондықтан бұл қалыпты жағдай деп есептелінеді. Дегенмен бұған дейін айтылған факторлар есебінен біраз құбылып тұруы мүмкін», — деді ол.
Экономистің айтуынша, теңге бұған дейін де бірнеше мәрте құбылды.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Источник: tengrinews.kz