«Ту көтерілгенде, халық жылайды». Әлем елдерінде Республика күні қалай тойланады?
Республика күні әлемнің бірқатар елінде ұлттық, мемлекеттік мереке саналады. Қазақстанда Республика күні — 25 қазан. Алайда халық әлі күнге бұл мерекенің маңызын түсіне бермейді. Massaget.kz тілшісі салыстырмалы түрде Республика күні қай елдерде тойланатынына шолу жасады.
Италия, Германиядағылар Республика күнін қалай тойлайтынын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Қай елдерде «Республика күні» атап өтіледі?
Әлемде Республика күні жылдың әр мезгілінде тойланады. Мәселен:
- Үндістан Республикасы 26 қаңтарды Республика күні ретінде бекіткен;
- Иранда 11 ақпан — Ислам республикасы күні;
- 9 қаңтар — Сербия республикасы күні;
- 11 қаңтар — Албанияда республика күні.
- Түркияда 29 қазан — Республика күні;
- Францияда 14 шілде — Республика күні.
Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, 25-тен аса елде Республика күні бар. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы құрамындағы республикаларда бұл мерекені атап өтеді екен. Бұл орайда кейбір шет елдердегі қазақстандықтар әлемде Республика күні қалай тойланатынын айтып берді.
«Ту көтерілгенде, халық жылайды». Қытайда Республика күні қалай тойланады?
Қытайда Республика күні — ең басты мемлекеттік мереке. Бұл күн жыл сайын Қытай Халық Республикасының құрылған күні ретінде 1 қазанда атап өтіледі.
Рүстем Нұрлан
Қытай Халық Республикасы құрылғаны туралы 1949 жылғы 1 қазанда Мао Цзэдун Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында өткен митингіде жариялады. Ал кейін бұл елдің орталық халық үкіметі 1 қазанды ұлттық мереке деп жариялау туралы қаулы шығарды. Биыл Қытай 74-рет Республика күнін тойлады.
Фото: Рүстем Нұрлан
Қытайдағы Хубэй университетінің 2-курс магистранты, аудармашы Рүстем Нұрлан бұл елде Республика күні қалай тойланатынын айтты.
«1949 жылы 1 қазанда Мао Цзэдун Бейжіңдегі Тяньаньмэнь деген алаңда Қытай Халық Республикасы деп жариялады. Содан бері қаншама жыл өтсе де, әлі күнге дейін қытайлықтар бұл мерекені тойлайды. Ол күні қытайлықтар демалады. Бір аптадай уақыт демалыс береді. Жұмыстар тоқтайды. Оқулар тоқтайды. Қытай көшелерінде тулары ілінеді. Әртүрлі концерттер өткізеді. Бұл мереке Қытайда жоғары деңгейді тойланады», — дейді ол.
Фото: Рүстем Нұрлан
Расында да, қытайлықтар үшін Республика күні ең айтулы күндерді бірі саналады. Оған қоса бұл уақытта қытайлықтар жалпы бір аптадай демалады. Ал қалалардың бәрі дерлік мерекелік атмосфераға еніп, отшашулар да ұйымдастырылады екен.
Сонымен қатар, елдің басты алаңында Қытай Халық Республикасының негізін қалаушы Мао Цзэдуннің суреті, құттықтау сөздер жазылған қызыл плакаттар ілінеді. Қазір Қытайда білім алып жүрген Рүстем Нұрланның сөзінше, халық бұл күнді шын жүрегімен сезінеді.
«Әр күн сайын күн шығатын таңғы уақытта Қытай Халық Республикасы деп жарияланған алаңда ту көтеріледі. Халық таңертең кезекке тұрады, тіпті ту көтерілгенін көру үшін бір күн бұрын тіркеліп қояды. Ал ту көтерілгенде, халық жылайды. Бұған ешкім мәжбүрлемейді, қытайлықтарда осындай ұлттық рух бар. Кішкентай балаларын да әкеліп, таңғы бесті, ту көтерілгенін күтеді. Яғни қытайлықтар Республика күнін тойлау үшін тек 1 қазанды күтпейді», — дейді қазақстандық.
Рүстем Нұрлан
Италия, Германиядағылар Республика күнін қалай тойлайтынын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар қазанда қанша күн демалатыны туралы жазған едік. Бұл айда Республика күні атап өтіледі. Бұл мемлекеттік мереке саналады. Биыл Республика күні (25 қазан) сәрсенбіге сәйкес келеді. Соған орай 5 және 6 күн жұмыс істейтіндер бір күн демалады. Демалыс күні басқа күнге ауыстырылмайды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Источник: tengrinews.kz