«Халық қиналып отыр». Ақтөбе тұрғындары жанайқайын айтты

Ақтөбенің «Ақжар-2» ықшам ауданының халқы төрт жылдан бері электр энергиясының зардабын тартып келеді. Соңғы екі күнде халық май шам жағып отыруға мәжбүр болған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.

Қаланың ортасындағы «Ақжар-2» ауданының тұрғындар электр энергиясының жиі сөнетінінен әбден шаршаған. Олардың айтуынша, үп еткен жел тұрса жарық өшіп қалады. Ал жарық болмаса, су, жылу да болмайды. Тұрғындардың айтуынша, ауданға жарық беретін электр щиттерінің тозғы жеткен. Аудан тұрғыны Бибігүл Сағындыққызының айтуынша, халықтың осы мәселені айтып бармаған жері қалмапты.

«Қысы-жазы көретін күніміз осы. Сәл жел тұрса жарық өшіп қалады. Екі-үш сағат сөнгенге тіпті үйреніп кетті. Ал соңғы аптада тіпті қиындап кетті. Май шам жағып отырдық. Электр қуаты болмаса су да жылу да болмайды. Күн суықта кішкентай сәбиі мен қарты бар үйлерге тіпті қиын болды. Жарық бір сөніп, бір жанғаннан көп үйдің тоңазытқышы мен су жылытатын құрылғылары жанып кетті. Бұның барлығы электр щитінің тозғандығынан деп ойлаймыз. Себебі электриктер үзілген сымдарды жалғап кетеді. Ол сәлден кейін қайта үзіліп, свет өшеді», — дейді ауыл тұрғыны.

Тұрғындардың айтуынша, аумақтағы су, электр қуатының мөлшері 500 адамға есептелген. Ал соңғы уақытта бұл маңда халық саны екі-үш есе өскен.

«Қазір халық саны 12 мыңға дейін өсті. Тұрғын көбейгесін осындай мәселелерге де назар аудару керек. Ал аудан әкімі мен депутаттардан қайран болмай отыр. Осы ауданға сайланған депутаттың «әу» деп ауызын ашқанын көрген жоқпыз. Халық әбден қиналып отыр. Кейбір көшелерде бағаналар ортасынан жарылып тұр. Тіпті біреулер көшенің қақ ортасында тұр. Айта берсек мәселе көп», — дейді Бибігүл Сағындықова.

Аудан тұрғыны Сәуле Мұқашева да ауданда өзекті мәселенің көп екенін айтты. Электр жарығынан бөлек, ауыл ішіне автобус кірмейді. Бұл да тұрғындардың жанына батып отыр.

Бұл мәселе бойынша Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіковке хабарластық. Оның айтуынша, бұл аймақтарға бау-бақша ұжымдарының желілері қосылып тұр. Соның салдарынан желілерге күш түсіп, сөніп қалады.

Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.

Источник: tengrinews.kz

Top.Mail.Ru